oC
Местоположение нашего сайта

Ұлттық ойындар арқылы балаларды рухани адамгершілікке тәрбиелеу

Бала тәрбиесi – игiлiктi iс. Берерi де, сұрауы да, жемiсi де мол тәрбие саласының ең өзектiсi. Баланың өмірдегі алғашқы қадамы, бірінші әрекеті – ойын жас баланың өмірді танып, еңбекке қатысуы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Ойын баланың негізгі әрекеті. Ойын барысында бала өзін қоршаған үлкендер сияқты, өзінің сүйікті әңгімелері мен ертегілеріндегі кейіпкерлері сияқты өмір сүреді, әрекет жасайды. Ойын әрекетінің ең негізгі түрінің бірі – дидактикалық ойын. «Өзіңді танығаның, ілгері дамығаның» тренингі рухани-адамгершілік қасиеттерін дамытуға, өзін-өзі танып, өзін-өзі іс жүзінде мейлінше көрсете білуге айтарлықтай мүмкіндік берді. Балаға тәрбие бергенде ойын мен тәрбиені ұштастырып, баланы ойната тұра, оның бойына рухани, адами құндылықтарды сіңіру ата-ананың да, ұстаздардың да, бір сөзбен айтқанда жөн сілтеушілердің міндеті. Бала мен жеткіншекті ойнатып қана қоймай, бойына ұқыптылық, адамгершілік, татулық, намысшылдық, ептілік, шапшаңдық және т.б. секілді адами қасиеттерді сіңіретін негізгі құрал – ұлттық ойындар. Ұлттық ойындар: айгөлек, ақсерек-көксерек, ақсүйек, арқан аттау, арқан тартпақ, асық, батпырауық, белбеу соқ, белбеу тартыс, епті жігіт, дауыстап атыңды айтам, қыз қуу, күміс ілу, тепе-теңдік, соқыр теке, сақина жасыру, сиқырлы таяқ, түйілген орамал, бес асық, сұрақ-жауап, жасырынбақ, орын тап, тақия тастау, ұшты-ұшты, т.б. түрлері өте көп..

Мысалы ұлттық ойын «Ақсерек-көксерек» Ептілікті қажет ететін қызықты ойындардың бірі. Ойынның шарты бойынша балалар екі топқа бөлініп, араларын жиырма қадамдай ашып, тізіліп, қол ұстасып тұрады бір баланың атың атап шақырады, аты аталған бала жүгірген күйі қарсы топтың ұстасып тұрған қолдарын үзіп өтуі керек. Үзсе, сол топтың бір баласын өзімен ала келеді, ал үзе алмаса, сол топта қала береді. Қай топта бала көп болса, сол топ жеңеді. Бұл ойында балалар ептілікке, бірлікке, жеңіске талпынуға үйренеді. Дене тәрбиесі, сергіту сәттерінде пайаланылады. Кейде сабақтарымда бұл ойынды сәл өзгертіп пайдаланамын. Дәл солай екі топқа бөлінеді. Бірінші топ сөздерін айтады. Аты аталған бала сол топтың сұрақтарына жауап беруі не тапсырмаларын орындауы тиіс. Орындай алмаса, сол топқа өтеді не өнерін көрсетеді. Бала тапсырманы қызыға орындайды.

«Сақина салу» дәстүрлі, әдемі ойын. Ережесі бойынша балалар дөңгелене отырады, алақандарын қабыстырып алға созады. Ойынды жүргізушінің алақанындағы сақинаны кімге салса да, өз еркі. Барлығына салып шығысымен: «Тұр, сақинам, тұр!» — деп дауыстайды. Сол сәт сақина тасталған бала «Сақина менде!» — деп атып тұруы тиіс. Оны көршілері ұстап қалса, жұрт алдында өнерін көрсетеді. Жылдамдыққа, ептілікке баулитын, өнерлерін жұрт алдында көрсете алуға үйрететін бұл ойынды балалар, әсіресе қызыға ойнайды.

«Соқыртеке». Ойыншылар дөңгелене тұрады. Ортаға орамалмен көзі байланған баланы – «Соқыртекені» шығарады. Шеңбер бойы тұрған балалар «соқыртекені» түрткілейді. Сол кезде ол түрткен ойыншыны ұстап алып, атын айтуы тиіс. Тыныш тұрғанды да ұстап алуына болады. Ұсталып қалған бала «соқыртекеге» айналып, ойын жалғаса береді. Осы ойынды балалар көбірек ойнауға тырысады. Балаларға қызықты, ал бізге, педагогтарға, ұтымдысы – дене қимыл-қозғалыс ойыны, сондай-ақ дыбыстарға мән беруге, қимылдарды сезінуге, яғни сенсорлық дағдыларын қалыптастыруға көмек береді.

Біріншіден, балаларға қызық, екіншіден, есте сақтау, мұқият болу қабілеттерін дамытады, өнерлі болуға баулиды. Ойынның қай түрін болса да қолдануға болады. Әр сабақтың ерекшелігіне, тақырыбына сәйкес ойын түрлерін алмастырып пайдаланған жөн деп есептеймін. Балалар ұлттық ойындар арқылы ата-бабасының тұрмыс салтынан да хабардар болады, бойына сіңіріп өседі.

 

Add comment