Баланың дұрыс сөйлеуін дамытуда қазақ тіліне тән дыбыстарды айтуда айнаны қолдану
Тіл – ұлттық тәрбиенің негізі. Туған тілдің тағдырын ойлағанда әлбетте алдымен бүгінгі жас буын, болашақ жас ұрпақ көз алдымызға елестейтіні орынды. Өйткені тіл үйрену - балабақшада дыбыс үйретуден басталады. Фонетикадағы дыбыстарды дұрыс айтылуын білмеген бала сөзді сезбейді, түсінбейді. Ол үшін сол дыбысты, сөзді тыңдау, есту, көру, сезу керек. Сонда ғана сөздің мазмұнын эмоция, ым - ишара, бейне арқылы түсінеді. Қазіргі таңда еліміздегі білім беру жүйесінің барлық саласы адамның жеке тұлғасын дамытуды көздейді. Жеке тұлғаны тәрбиелеуде ана тілін жетік меңгертудің маңызы зор, сонымен қатар заман талабына сай үш тілді білуі де қажеттілікті талап етеді.
Кіші жастан - ақ баланың тіл үйренуге деген қызығушылығы пайда болады. Тілдің қызметі қандай күрделі болса, оны үйретудің әдістері де сондай күрделі.
Осы мақсатта оны жүзеге асыру үшін балалардың тілдік құзыреттілігін қалыптастыру жолдарына баса назар аудару қажет. Балалардың тілдік құзыреттілігін қалыптастыру жолдары тілдік жаттығуларды, саусақ ойындарын, сондай - ақ сөздік жұмысқа бағытталған өлең жолдарын айту арқылы дамиды. Тілдік жаттығуларға тыныс алу жаттығуларын, артикуляциялық жаттығуларды, фонетикалық жаттығулар мен дикциялық жаттығуларды жатқызамыз. Соның барысында кәдімгі айнаны қолдану. Айна алдына отырған бала қазақ тіліне тән дыбыстардың айтылу барысына қарай өзі дыбыстап қана қоймай сол дыбыстың қалай дыбысталатынын айнаның көмегімен бақылайды. Ол жағдайда бала өзінің тыныс алуын, ерін,тіс,тіл, көмеймен қалай жұмыс жасау қажеттілігін байқайды. Мысалға алатын болсақ, үй жануарларының дыбысталуын айнаға қарап қайталау.
- Балалар қой,сиыр, жылқы төлдері қалай дыбыстайды?
- мә-ә,мә-ә,
- мө-ө, мө-ө-ө
- иһо-һо, иһо-һо т.б.
Бұл жағдайда бала тілді дыбыстау барысында артық эмоцияға берілмеуін қадағалау шарт. Мысалы, бетті тыржитпау, тілді шығармау, босқа айқайлап дыбыстау, еріксіз қимылдарға орын бермеу қажет. Бала сөйлеу мәдениетіне де бой алдырады. Басқа да тақырыптарды қайталай отырып осы айна алдындағы жаттығуларды жүйелі қолдану ана тілінің ережелері мен нормаларын игеруге, оларды нақты жағдайларда қолдана білу іскерлігін қалыптастыруға көмегін тигізері анық.
Баланың тілін дамытуда ойынды жаттығудың алар орны бар әрі оның қызықты, пайдалы құрал екендігіне көз жеткізесіз.
Э.Б. Ахметханова









