Ойын арқылы баланы оқыту және тәрбиелеу
Ойын – балалар үшін күрделі әрекет, ол білімді, ақылды ұйымдастыруды қажет етеді. Ал білімді бала қайдан алады? Оған бала ойын арқылы өзі үйренеді, үлкендер де үйретуге тиіс. Ойынның өз мақсаты, жоспары, арнайы заттары, т.б. көптеген ерекшеліктері болады.
Ойын – балалардың негізгі іс – әрекетінің бір түрі. Ойын арқылы бала өмірден көптеген мәліметтер алады, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады, яғни ойын арқылы бала білім алады. Бала зейіні қажет ететін, әдейілеп ұйымдастырылған ойындар оның ақылын, дүниетанымын кеңейтеді, мінез – құлқын, ерік – жігерін қалыптастырады. Аса ірі психологтардың айтуы бойынша, бала ойын үстінде қандай болса, өскенде еңбекте де сондай болады. Ойын – адамның өмір танымының алғашқы қадамы. Жас сәбидің өмірі, қоршаған ортаны танып, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері ойын үстінде қалыптасады. Балалар ойын барысында өздерін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық әрекеті (сезіну, қабылдау, ойлау, зейін қою байқалады.) .
Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін, әрі тәрбиелейтін де негізгі іс – әрекет ойын. Ойын арқылы бала қоршаған ортамен, адаммен, олардың еңбегімен, қарым – қатынасымен танысады. Ойын арқылы олардың ой-өрісі дамиды. Ойын үстінде балалар әр түрлі рөлде жолдастарымен қарым – қатынас жасауға, ойын үстінде ойлана отырып жауап беруге, қиялдауға, елестетуге қабілеттері қалыптасады. Сөздік ойындары балалардың ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамытады. Ойыншықтарды пайдалана білуге үйренеді.
Арнайы ойын ұйымдастырылған оқу іс – әрекетінің мазмұнына қарай танымдық, дамытушы ойындарды, тапсырмаларды қолдану, балаларды заттарды бір – бірімен салыстыруға, оларды қасиетіне қарай ажыратуға және оны танып білуге үйретеді. Сөйтіп бала топтағы жасына сәйкес бағдарламалық міндетті меңгереді.
Ойын ұйымдастыруда балаларға жетекші бола отырып, ойнай білуге,ойын ережесін сақтауға, әрі оларды ойната отырып ойлануға бағыттайды, Заттармен ойналатын ойындар: «Ғажайып қапшық», «Қайа ғаштың жапырағы?» т.б.
Үстел үстінде ойындарды ұйымдастыруда домино, лото, суреттер қолданылады. Мысалы: «Суретті құрастыр», «Қандай затқа ұқсайды», «Бір сөзбен ата», «4-не артық?» т.б. Ойын түрлерінің ұйымдастырылған тақырыбы мен мазмұнына неғұрлым сәйкес алынса оның танымдық, тәрбиелік маңызы да арта түседі. Оны тиімді пайдалану сабақтың әсерлігін, тартымдылығын күшейтеді, балалардың сабаққа ынтасы мен қызығушылығын арттырады.
Бостанбаева Р.Т.









